Талдықорған авиабазасына соғыс батыры Сергей Луганскийдің есімі берілді

Бүгін Жетісу облысында Талдықорғандағы Қазақстан Әскери-әуе күштерінің №21751 авиациялық әскери бөліміне Кеңестер одағының екі мәрте Батыры, әскери ұшқыш Сергей Данилович Луганскийдің есімі берілді, Жетісу облысы әкімінің баспасөз қызметі хабарлады. Сондай-ақ әуе базасының аумағында батырдың бюсті орнатылды. Салтанатты шараға облыс әкімі Бейбіт Исабаев, Қорғаныс министрі Руслан Жақсылықов, тұңғыш қазақ ғарышкері, Кеңес Одағының Батыры, Халық қаһарманы Тоқтар Әубәкіров және қазақстандық ғарышкер, Халық қаһарманы Айдын Айымбетов қатысты, - деп хабарлайды Жетісу  облысы әкімінің баспасөз қызметі.

Алдымен батырдың бюсті ашылып, алдына гүл шоқтары қойылды. Жиналғандарды құттықтаған Қорғаныс министрі Руслан Жақсылықов Талдықорғандағы осы авиабазаға Сергей Луганскийдің есімін беру жөнінде ел Президенті, Жоғарғы Бас қолбасшының биыл Атырау қаласында өткен Ұлттық құрылтайдың ІІІ отырысында бастамасын көтергенін, сондай-ақ бұл ұсынысқа Қарулы Күштердің жеке құрамы қолдау білдіргенін атап өтті. Әскери қызметшілердің күрделі де жауапты қызметтеріне табыс тіледі.

Өз кезегінде Жетісу облысының әкімі Бейбіт Исабаев көпшілікті мерекемен құттықтап, салтанатты жиынға орай тілегін білдірді:

- Бүгін, міне, игі бастама жүзеге асырылып, Кеңес Одағының екі мәрте батыры, әскери ұшқыш Сергей Данилович Луганскийдің есімін беру және бюстінің ашылу салтанатына куә болып отырмыз. Сергей Данилович Луганский - екінші дүниежүзілік соғыс кезіндегі ерлігі үшін екі мәрте Кеңес Одағының Батыры атанған жауынгер. Батырдың есімін иелену – әскери бөлім үшін үлкен мәртебе әрі зор жауапкершілік. Бұдан былай да Отан алдындағы жауынгерлік парыздарыңызды лайықты орындап, ел қорғанысы шебіндегі еңбектеріңіздің жемісті болатынына сенемін, - деді Б. Исабаев.

Кеңес Одағының Батыры, Халық қаһарманы Тоқтар Әубәкіров журналистерге берген сұхбатында Су-30 ұшағымен осы Талдықорған авиабазасынан ұшқан кездерін еске алып, тұрғындарды Жеңіс күнімен құттықтады: «Бүгін айтулы оқиға – Талдықорған авиабазасына екі мәрте Кеңес Одағының Батыры Сергей Данилович Луганскийдің есімі берілді. Ол – аты аңызға айналған адам. Бала кезімде мен оны өзіме ұстаз тұттым, соның үлгісімен тәрбиелендім. Авиабазаға даңқты батырдың есімін берудің патриоттық, тәрбиелік маңызды зор. Сонымен қатар бұл болашақта осында қызмет ететін жас ұшқыштарға да, қазір ұшатындарға да екі есе жауапкершілік жүктейді. Өңір тұрғындарын Жеңіс күні мерекесімен тағы да құттықтаймын», - деп түйіндеді Тоқтар Оңғарбайұлы.

Шара соңында мерекелік концерт ұсынылды.

Если вы обнаружили ошибку или опечатку, выделите фрагмент текста с ошибкой и нажмите CTRL+Enter
Ошибка в тексте