Қазақстан нарығында тағы бір ресми автобренд пайда болуы мүмкін

41102

Қытайдың Chery Automobile көлік компаниясы өзінің жаһандық тәуелсіз брендін 2023 жылы Қазақстан нарығына шығаруды да ұйғарып отыр: әңгіме Omoda бренді аясындағы автокөліктер туралы

ФОТО: omoda.ru

Аталған көлік түрін қытайлық компания Қазақстанда тәуелсіз бренд ретінде ұсынбақ. Бұл жайында компанияның ресми өкіліне сілтеме жасаған «Китайские автомобили» платформасы мәлім етті.

«Omoda көліктерін Қазақстанға біз биыл жазда әкелуді жоспарлап отырмыз», - деп көрсеткен онда бренд өкілі Янсон Ли.

Оның айтуынша, Omoda желісі Қазақстан нарығына біртіндеп үш түрлі көлік моделін шығармақ. Яғни, биыл жазда кроссовер С5 көлігі, одан кейін седан S5 және электромобиль деген тұрғыда.

Компания өкілі «бұл ұсыныстар биылғы және алдағы жылдарды қамтуы мүмкін» деп отыр.

Айтқандай, бұған дейін әлеуметтік желілерде Omoda брендін Қазақстанда Chery маркасының ресми өкілі «Астана Моторс» ұсынатын болады деген ақпарат тарап кеткен-ді. Алайда, бұл ақпарат қытайлық компания тарапынан ресми түрде қолдау тапқан жоқ.

«Китайские автомобили» платформасына пікір танытқан Янсон Ли өз сөзінде: «Қазіргі таңда біз әлі де әлеуетті дистрибьютор қарастырудамыз. Әзірше бұл тұрғыда нақты шешім жоқ. Біз үшін басты критерий – дистрибьютордың бізді дилерлік орталықтармен жеткілікті деңгейде толыққанды қамту қабілеті», - деп көрсеткен.

Сондай-ақ, қытайлық компания өкілі Қазақстанда Omoda өз алдына бөлек тәуелсіз бренд ретінде ұсынылатын болады дегенді баса айтқан. «Біз оны Chery не Exeed көліктерімен ұштастырғымыз келмейді», - деген Янсен Ли.

Естуімізше, баға мәселесінде Omoda көліктері жоғарыда аталған екі көлік маркасы аралығындағы деңгейді қамтуы ықтимал, нарық ішіндегі мамандар бұл деңгейді «high middle сегментіндегі баға» деп түсіндіреді.

Айта кету керек, Omoda бренді қытайлық көлік компаниясының жаһандық, яғни сыртқы нарықтар үшін арнайы әзірлеп шығарған өнімі деуге тұрады. Компания бүгінде бұл өнімін Қазақстанмен қатар, өзге де 26 елдің нарығына шығаруды жоспарлап отырса керек.

   Если вы обнаружили ошибку или опечатку, выделите фрагмент текста с ошибкой и нажмите CTRL+Enter

Орфографическая ошибка в тексте:

Отмена Отправить