Forbes Kazakhstan журналының мамыр айындағы саны қазақ тілінде жарық көрді

Басылымның жаңа санын журналдың бас редакторы Асия Акишева ұсынып отыр

Тоқсаныншы жылдардың соңында экономикалық басылымдардың бірінде жарық көрген неміс зерттеушілерінің бір мақаласы есіме түсіп отыр, онда: арада шамамен он бес жылдай өткенде адам жұмысты емес, жұмыс адамды іздеп келеді, жұмысты кеңседен тыс жүріп те істей беруге болады деген болжамдар айтылған-тын.

Зерттеу, болжам жасау – әншейін ермек, не өзін көріпкел санайтын әлдебіреулердің құрғақ жорамалы емес. Зерттеуге негізделген болжам – кәсіби біліктілік пен арнайы әдістемені талап ететін ауқымды жұмыс. Сараптамалық кәсіби талдау – елдің экономикасының, әлеуметтік жағдайының, қоғамдағы қажеттіліктердің бүгінгі көрсеткіштерін пысықтап, ертеңгісін белгілеп отыратын халық пен билік үшін өзіндік ескерту. Біздің бүгінгі номердің бас кейіпкерінің бірі, журнал мұқабасындағы танымал бизнесмен Серік Толықпаев айтпақшы, ел ішінде туындап жататын қандай да бір мәселені алдын ала зерделеп, оның зардабын бағамдау – ықтималды апат пен кедергілердің салдарын азайтуға мүмкіндік беретіні сөзсіз. Бірақ бұл арада ең бастысы, талдау мен зерттеуді кәсіби мықты мамандар жүргізуі тиіс…

Отандық еңбек нарығын бақылап, қадағалап отыр­ған HR сала мамандарының айтуынша, белгілі бір уақыт орамынан кейін нарық ішінде жаңа кәсіптер мен мамандық түрлерінің бой түзеуі заңдылық, әсіресе, бүгінгідей технологиялар қарқындап дамып жатқан кезеңде. Дегенмен, олар бүгінгі таңда елімізде ата кәсіп – мал шаруашылығында маман тапшылығы көрініс берді деп дабыл қағуда. Сарапшылардың айтуынша, агросекторға негізделген бизнеспен айналысатын отандық кәсіпкерлердің бірқатары бұл саланы дамытуда аса қажет кәсіби білікті мамандарды өзге мемлекеттерден әкелуге мәжбүр. «Бұл салаға қазір қалалықтар мүлдем келмейді, бар үміт – ауылдан шыққан балаларда» дейді HR сала мамандары. Ресми деректерге сүйенсек, биыл ел бойынша 186 мыңдай жеткіншек орта мектепті аяқтап, жаңа өмірге қадам баспақ. Әрине, олар ертеңгі күні түгелдей студент атанып, жоғары білім алуға құлшына кіріседі дей алмаймыз, бірақ арада бес жылдай өткенде отандық еңбек нарығында бой түзейтін болашақ мамандар дәл осы буын өкілдері болмақ. Бірақ бұлардың арасынан қанша маман қай салаға келіп қосылатыны тағы белгісіз – жоғарыда айтылғандай нарықты зерттеп, талдап, болжам жасаудың өзектілігін біз әлі де болса дұрыс түйсініп отырғанымыз жоқ. Иә, әрине, зерттеу мен болжамды бүгінгі таңда күдік пен үміт арасында қызу талқыланып жатқан генеративті жасанды интеллект технологиясына артып қоюға да болатын шығар. Бірақ бұл арада да өзіндік тапшылық мәселесі көлденең шығады: «Жасанды интеллектіге қазақ тіліндегі контентті оқытып үйрету үшін қазақша дата жеткіліксіз», – дейді біздің «Сарапшы тұғыры» айдарындағы дата-эксперт Асхат Еркімбай.

Айтқандай, ЖИ технологияларына қазақстандық кәсіпкерлердің басым бөлігі тәуекелден гөрі мүмкіндік деп қарайды. Бұл технологиялардың Қазақстанда да қарыштап дамуына мүдделі бизнесмендер ел ішінде аз емес. Бүгінгі номердің тағы бір бас кейіпкері белгілі бизнесмен Қанат Көпбаев: «Кезінде ең алғашқы мобильді телефондарды 10 мың долларға алсақ, қазір 50 долларға жақсы телефон сатып алуға болады. Жасанды интеллектінің де жыл сайын бағасы төмендеп, халық үшін мүмкіндігі арта бермек» деген пікір айтады.

Ал қолдарыңыздағы бүгінгі номердің басты жаңалығы: өздеріңіз бірден байқағандай, Forbes Kazakhstan әзірлеген Қазақстандағы ең дәулетті бизнесмендер рейтингінің қатары бұл жолы айтарлықтай кеңейіп, түрленіп топ-75 тізімі ретінде қалыптасты. Топ-75 туралы барлық қызықты мәліметті рейтинг редакторы Ардақ Бөкееваның алғысөзінен оқып таныса аласыз­дар. Аналитикалық топ алға тартқан деректерге сай, биылғы рейтинг құрамындағы ең дәулетті бизнесмендердің орташа жасы 56 да, жас шамасы бойынша ең үлкені 78 жаста, ал ең жасы 36 жаста. Сондай-ақ, биылғы рейтингте төрт әйел кәсіпкер бар. Олар кімдер десеңіз, біздің журналды аяғына дейін мұқият қарап, оқып шығыңыз.

Forbes Kazakhstan оқырманы қатарына қош келдіңіз!

Если вы обнаружили ошибку или опечатку, выделите фрагмент текста с ошибкой и нажмите CTRL+Enter
Ошибка в тексте